Қауіпсіздік тәуекелдері артқан соң ҚАӘ барлық рейстерді қауіпті аймақты айналып өтуге міндеттеді
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) отандық әуе компанияларына Иран аумағының үстімен және оның әуе кеңістігі арқылы рейстер орындауға уақытша тыйым салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚАӘ таратқан ресми мәліметке сәйкес, мұндай шешім Иран үстіндегі әуе кеңістігінде қауіпсіздікке төнетін қатерлердің күшеюіне байланысты қабылданған. Осыған орай қазақстандық әуе тасымалдаушыларына Иранның әуе кеңістігін пайдалануға қатаң шектеу қойылып отыр. Тек ерекше өкім берілген жағдайда ғана бұл талаптан тыс шешім қабылдануы мүмкін.
«Барлық рейстер қауіпті аймақты айналып өтетін балама бағыттар арқылы жүзеге асырылады. Жағдай Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауында. Аймақтағы ахуал өзгерген жағдайда қосымша шаралар қабылданады», – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, Ирандағы ахуал 2025 жылдың 28 желтоқсанында күрт шиеленісе бастады. Алғашында тұрғындар бағаның өсуі мен иран риалының құнсыздануына қарсы бейбіт наразылыққа шықты. Бір жыл ішінде АҚШ долларының бағамы шамамен 80 пайызға қымбаттаған. Кейін бұл қозғалыс 2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан жаппай халық толқуларының жаңа кезеңіне ұласты.