Букмекерлерден түсетін салық азайып, 700 мың адам тұрақты түрде бәс тігеді
Қазақстанда соңғы бір жыл ішінде құмар ойын нарығында айналған қаржы көлемі 1,6 триллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл деректі Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Электрондық қаржы орталығында өткен таныстырылым барысында жария етті. Оның айтуынша, қабылданған заңнамалық өзгерістер букмекерлік кеңселерден мемлекет қазынасына түсетін салық көлемінің қысқаруына әсер еткен.
Ресми мәліметке сәйкес, тігілген 1,6 триллион теңгенің 1,2 триллионы ойыншыларға ұтыс ретінде қайтарылған. Осылайша, құмар ойын бизнесінің орташа қайтарымдылық деңгейі 75% құраса, қалған 25% букмекерлік ұйымдардың табысына айналған.
Қаржы вице-министрінің дерегінше, бүгінде елімізде шамамен 700 мың адам құмар ойындарға тұрақты түрде қатысады. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы ересек тұрғындардың 15–20% тең.