Ол Конституцияның 33-бабының 3-тармағы редакцияланатынын айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Конституциялық өзгерістерді жіктеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ең алдымен, преамбуланың «біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз» деген тұжырыммен басталуы ұлттық келісімнің маңызды формасы. Бұл тәсіл жекелеген әлеуметтік топтар мен өңірлерді емес, бүкіл халықты тең құқықтар мен ортақ жауапкершілік негізінде біріктіруге бағытталған өте ұтымды шешім деп санаймын. Преамбула мәтінінде мәдениет пен білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға алу туралы тұжырымның енгізілуі Конституцияның тек құқықтық қана емес, саяси әрі бағдарламалық құжат екенін айқындай түседі. Осы арқылы Конституция заң нормаларымен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа бағыт-бағдар беретін негізгі құжатқа айналуы тиіс деген идея көрініс табады», - деді Шапақ.
Оның айтуынша, білім мен ғылым адам әлеуетін дамытуға, инновация технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, ал мәдениет пен рухани құндылықтар халықты біріктіруге қызмет етеді.
«Осы құндылықтарды Конституцияда бекіту арқылы Қазақстанды тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет ретінде көрсетуге болады. Мұндай тәсіл қоғамды біріктіруге, даму бағытын нақтылауға және конституциялық реформаның рухын толық ашып көрсетуге мүмкіндік береді.Қадірлі әріптестер, преамбуладан бөлек, Конституцияның 33-бабына енгізіліп отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқығын шектеуге қатысты нормаларға қолдау білдіру жөніндегі өз ойымды жеткізгім келеді.Сайлау және сайлану құқығы – азаматтың мемлекет ісіне тікелей қатысуын қамтамасыз ететін ең маңызды демократиялық құқықтардың бірі. Бұл құқықтар қолданыстағы Конституцияда да бекітілген. Алайда сайланушыларға қойылатын шектеулерді Конституция деңгейінде емес, тек қолданыстағы заңдармен реттеу биліктің саяси конъюнктурасына тәуелділікке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай әділетті мемлекет қағидаттарына сәйкес келмейді», - дейді депутат.
Үнзила Шапақ атағандай, Конституциялық деңгейде бекітілген шектеулер азаматтардың құқықтарын негізсіз қысқартуға емес, оларды тек сот шешімі арқылы және қоғам мүддесін қорғау мақсатында қолдануға бағытталуы тиіс.
«Мысалы, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе ауыр қылмыстар, соның ішінде сыбайлас жемқорлық үшін сотталған тұлғалардың мемлекеттік билікке келуін шектеу – қоғамды қорғаудың конституциялық тетігі. Шектеусіз құқық – абсолютті еркіндік емес. Құқық пен бостандық тек жауапкершілікпен ұштасқанда ғана демократиялық қоғам талаптарына сай келеді. Мемлекеттік билікке қойылатын моральдық және құқықтық талаптар демократиялық қоғам үшін аса қажет. Кімнің сайлануға құқығы бар, ал кімнің сайлану құқығы жоқ екені ашық әрі нақты белгіленген жағдайда, қоғамдағы сенім артып, сайлау процесінің әділдігі күшейе түседі. Сайлану құқығына қойылатын шектеулерді Конституцияда нақты бекіту сайлау жүйесінің ашықтығын арттырып, билікке келетін тұлғаларға қойылатын талаптарды айқындау арқылы құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді», - деді ол.
Депутат атағандай, сайлау құқықтары мен оларға қойылатын шектеулерді Конституцияда бекіту демократияны әлсіретпейді, керісінше, оны нығайта түседі.
«Осыған байланысты ұсынылып отырған Конституцияның 33-бабының 3-тармағын жаңа редакцияда қолдаймын», - деді ол.