«Деструктивті контент»: мемлекет басшысы ЖИ ақпараттық қаруға айналуы мүмкін екенін айтты

Автор: Асыл Арман

Ол құқықтық салдары туралы ескерту жасады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада өткізген жиында азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жүргізу керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің түбегейлі трансформациясына жол ашады. Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікірталасқа жалғасады. Жасанды интеллектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмысын жүргізген жөн», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін жалғай отырып, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайтынын қозғап өтті.

«Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пікірімді айттым. Отаншылдық, бұл жай ұран емес, отаншылдық дегеніміз – қасиетті сезім, мұның әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақстанда біз отаншылдық ұғымына жауапкершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік – саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл – Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз», – дейді президент.