Олар вандализм жасаған
Иран полициясы елдің әртүрлі провинцияларында болған тәртіпсіздіктерге қатысқан 200-ден астам адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік мәліметінше, Йезд провинциясында тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған және оған белсенді қатысқан күдікті 150-ден астам адам анықталып, қамауға алынған. Олардың қатарында антиреволюциялық топтардың жетекшілері мен негізгі қатысушылары бар екені айтылды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ұсталғандар арасында бахаи сектасына, Restart тобына, сондай-ақ монархиялық күштермен және Израильге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарымен, соның ішінде Iran International арнасымен байланысы бар адамдар болған.
Құзырлы органдар олардың елдегі қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттерге қатысы бар екенін айтады.
Сонымен қатар, елдің солтүстігінде орналасқан Семнан провинциясында тағы 19 адам ұсталды. Олардың 15-і Шахруд қаласында қамауға алынған.
Аталған тұлғаларға өрт сөндіру бекеттеріне, банк бөлімшелеріне және құқық қорғау органдарының көліктеріне қарсы вандализм әрекеттерін жасаған деген айып тағылып отыр.