Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам көз жұмды (ВИДЕО)
Қайғылы оқиға 25 қаңтарда сағат 17:00-де «Ақтөбе – Орынбор» тасжолында болды
Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам көз жұмып, тағы бірнешеуі жараланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаменті қайғылы оқиғаны ресми түрде растап, пікір білдірді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 25 қаңтарда сағат 17:00-де «Ақтөбе – Орынбор» автожолының Құрайлы ауылы маңында үш автокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Ақтөбе қаласынан Мартөк ауылына бағыт алған «Honda Odyssey» автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, қарсы бағытта келе жатқан «Hyundai Solaris» автокөлігімен соқтығысты. Соққыдан «Honda Odyssey» бағытын өзгертіп, қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. «Honda Odyssey» автокөлігінің бір жолаушысы және ВАЗ-2110 автокөлігінің бір жолаушысы зардап шекті, оларға медициналық көмек көрсетілуде.
«Honda Odyssey» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына (ИВС) қамалды», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.