Жазба авторы қоғамдық орында болған жағдайды айтып берді
Астанада кофе ішуге барған әйелге өзі танымайтын ер адам маза бермей, сталкинг көрсеткенін жазды. Ол «жоқ» дегенге көнбей, мысқылдап, оның шамына тиген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кофе ішуге барып, қоғамдық орында тиіскені үшін арыз жазу ма?! Оңай. 25 қаңтар күні Астанада шамамен сағат 19:00-де серуендеуге шықтым. Бетімде макияж да жоқ, үй киімінде болдым. Кенеттен «өзің арандаттың» деп жазатын әртүрлі ақымақтар табылып жүрмесін деп айтып отырмын. Жылынып, кофе ішу үшін кофеханаға кірдім, өзіммен өзім рахаттанып отырдым. Үстел ортақ еді, яғни кез келген адам отыра алады. Үстел бос болды, бірінші мен отырдым. Шамамен 5 минуттан кейін мына бір адам келіп отырды», - деп суреттейді Айдана.
Оның айтуынша, ер адам сол сәттен бастап оған қырындап, сөз сала бастаған.
«Мен оған үш рет «жоқ» деп айтып, бас тарттым. Әдеппен, сыпайы түрде сөйлескім келмейтінін айттым. Бірақ ол менің бас тартуымды елемеді. Өзі бір есі ауысқан адамдай, біз 100 жылдан бері таныс сияқты адамдардай сөйлей бастады. Оның үстіне маньяк сияқты мысқылдап күледі. Мен одан теріс айналдым, бірақ бұл да оны тоқтатпады. Ол мені әдейі дөрекі жауап беруге итермелеп, арандата берді. Кейін «сен маған ұнайсың, бәрібір менің қызым боласың» деп айта бастады. Мұның бәрін жиіркенішті көзқараспен, мазақ күлкімен айтты. Қыздар, мені түсінетін шығарсыздар. Әрқайсысыңыз осындай жағдайға тап болған шығарсыздар. Бұл өте жиіркенішті. Осындайдан кейін жуынғың келеді. Біреулер «басқа жерге отырып кету керек еді» дер. Кешіріңіздер, егер маған сол жерде отыру ыңғайлы болса, неге мен кетуім керек? Неге еркектер «жоқ» деген сөзді түсінбейді», - дейді ол.
Ол кофеханадағы менеджерге мәселені айтқан. Кейін ер адам менеджерді де тыңдамай, ақырында олар 102 телефонына қоңырау шалып, полиция шақырған.
«Мен қоғамдық орында тиіскені үшін арыз жаздым. Ол полицияда да сасық әзілін қоймай, күле берді, әрі қайта-қайта «маған қатты ұнадың» деп айтты. Ақыр соңында полиция оған айыппұл салды да, үйіне жібере салды. Ал мен қазір өз қауіпсіздігім үшін қорқып отырмын. Ол мені аңдып, бірдеңе істеп қойса, не болмақ? 102-ге хабарласқанда оның көзінше өз тегімді айтып қойғаныма қатты өкінемін. Қорқып отырмын. Біреулер үшін бұл болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен үшін емес. Себебі менің «жоқ» деген сөзімді елемеді. «Танысқым келеді» деген желеумен психологиялық қысым көрсетті. Оның бәрі кофеханада, адам көп жерде болды. Мен өзім туған елде өмір сүруден қорқатын жағдайға жеткенім алаңдатады», - деді ол.
Жазбаға пікір жазған адамдар суреттегі ер адам заңгер көрінеді. Оны білетіндер жігіттің сабырлы екенін айтып жатыр.