ШҚО-ның 8 ауданында субсидия алған фермерлер талапты бұзған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Мемлекеттік аудит мал басын сақтау міндеттемесі орындалмағанын анықтады

Фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысының сегіз ауданында мемлекеттен субсидия алған бірқатар шаруагерлер мал басын сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мәселе облыста ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жиында көтерілді. Жиын барысында ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізген тексеріс нәтижелері жария етілді.

«ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Ауыл шаруашылығы басқармасына мемлекеттік аудит жүргізді. Соның нәтижесі бойынша басқарма 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 1 284 бас ірі қара малға субсидия бергені, алайда олар мал басын сақтау міндеттемелерін орындамағаны анықталды», — деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова.

Анықталған заңбұзушылықтар Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Шемонаиха және Марқакөл аудандарында тіркелген. Осыған байланысты бақылау тетіктерін күшейту қажеттігі атап өтіліп, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуын қамтамасыз ету үшін тоқсан сайын тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс екені айтылды.