ШҚО-да бір жылда 2,5 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Онкологиялық дертті ерте анықтау күшейгенімен, өңірде маман тапшылығы сақталып отыр

Фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде 2 556 адамнан онкологиялық ауру алғаш рет анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірде өткен жылға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу қорытындылары шығарылды.

Көпбейінді онкология және хирургия орталығының мәліметінше, бүгінде облыс бойынша 15 134 науқас диспансерлік есепте тұр. Бұл аймақта онкологиялық дерттің өзектілігін айқын көрсететін көрсеткіш.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда басты басымдық – ауруды тек емдеумен шектелмей, оны ерте кезеңде анықтау. Себебі уақытылы қойылған диагноз науқастың өмір сапасын жақсартып, сауығу мүмкіндігін арттырады. Осы бағытта 2025 жылы облыс көлемінде 140 мыңнан астам тұрғын скринингтік тексеруден өткен. Нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынған, кеш анықталатын түрлерін азайтуға мүмкіндік туған.

Сонымен қатар өңірде онколог-дәрігерлердің тапшылығы әлі де шешімін таппай отыр. Әсіресе Самар мен Күршім аудандарында білікті мамандар жетіспейді. Бұл жағдай шалғай аудандардағы тұрғындардың сапалы әрі дер кезінде медициналық көмек алуына кері әсерін тигізіп отыр.