Рудныйдағы қанды оқиға: күдіктілер Көкшетауда ұсталды
Қайғылы оқиға 23 қаңтарда болды
Рудный қаласында 19 жастағы бозбаланы өлтірді деген күдікке ілінген екі адам Көкшетауда қолға түсті. Тәртіп сақшылары халықты дүр сілкіндірген қылмыстың ізін суытпай ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.
Қылмыс қалай болды?
Қайғылы оқиға 23 қаңтарда Рудныйдағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. 19 жастағы Рамазан Өсентаевтың денесі пышақ жарақатымен подъезден табылды.
Әлеуметтік желілерде домофон камерасына түсіп қалған бейнежазба тарады. Онда бірнеше жас жігіттің подъезден асығыс шығып бара жатқаны, ал көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем жеткені көрінеді.
Қостанай облыстық ПД мен прокуратура қызметкерлері бірлескен жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі күдіктіні Көкшетау қаласында ұстады.
Таныстар арасындағы жанжал
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, қаза тапқан жігіт пен күдіктілер бір-бірін жақсы таныған. Трагедияға жеке араздық негізінде туындаған жанжал себеп болған.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр, іс ІІМ-нің тікелей бақылауына алынды.
Қала әкімі көңіл айтты
Виктор Ионенко марқұмның отбасы мен жақындарына Instagram парақшасы арқылы көңіл айтып, бұл оқиға бүкіл қала үшін ауыр тигенін жеткізді.
«Рамазан Өсентаевтың трагедиялық өліміне байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Арманы асқақ, алда жоспарлары көп жас жігіт өмірден өтті. Бұл қаза бәріміз үшін ортақ қайғы», — деп жазды әкім.