Талқылау барысын онлайн режимде бақылай алуға болады
Қазақстанда Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша құрылған арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Бүгін, 24 қаңтарда, жаңадан құрылған Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Реформалардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырысы жұртшылық үшін ашық форматта өтеді. Кез келген азамат талқылау барысын онлайн режимде бақылай алады.
Отырыс бүгін сағат 14:00-де басталады.
Трансляция платформалары: Конституциялық соттың ресми Telegram арнасы; Facebook желісіндегі ресми парақша; Конституциялық реформаның арнайы Telegram арнасы.
21 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны (Конституциялық комиссия) құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.
Комиссияның басты міндеті — мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту және саяси жаңғыру үдерісін заңнамалық тұрғыда бекіту. Бүгінгі отырыста алдағы жұмыс жоспары мен реформаның негізгі бағыттары айқындалады деп болжанып отыр.