$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

45 млн теңге шығын: экс-кеденші Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды

Ол ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәліметтер енгізген

45 млн теңге шығын: экс-кеденші Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанның құқық қорғау органдары үш жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздеуде болған күдіктіні елге қайтарды. Испанияның Барселона қаласынан экстрадицияланған бұрынғы кеден қызметкері лауазымын асыра пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үш жыл іздеуде болды

Күдікті 2020 жылдан бері қылмыстық қудалаудан қашып, шетелде жасырынып келген. Оны құрықтау операциясы Бас прокуратура, ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі және Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.

Күдікті Астанаға жеткізіліп, тергеу изоляторына (СИЗО) қамалды.

Автокөліктер қалай өткізілген?

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдікті 2020 жылы кеден органдарында жұмыс істеп жүріп, ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәліметтер енгізген.

Салдарынан сегіз автокөліктің иелері кедендік алымдар мен төлемдерден заңсыз босатылған. Бұл әрекеттің кесірінен мемлекетке келген шығын көлемі 45 миллион теңгеден асып жығылды.

Күдіктіні қандай жаза күтіп тұр?

Қазіргі уақытта Астанада тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, заң аясында келесідей қатаң жаза қарастырылған:

1. 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

2. Мүлкін тәркілеу;

3. Белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру.