Астана-Шымкент рейсінде есінен танып қалған жолаушыға студент көмек көрсетті

Автор: Асыл Арман

Ұшақ қонғаннан кейін ер адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды

Фото: Видеодан скрин

SCAT әуе компаниясының Астана-Шымкент бағытындағы рейсінде жолаушылардың бірі кенеттен есінен танып қалды. Оған бортта болған Қарағанды медициналық университетінің 7-курс студенті шұғыл түрде алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Qumash Telegram-арнасының мәліметінше, ұшу барысында ер адам өзін жайсыз сезініп, кенеттен есінен танып қалған.

Жолаушыға көмек көрсетуге Қарағанды медициналық университетінің 7-курс студенті Дінмұхаммед Шегебаев бірден кіріскен. Ол ер адамның жағдайын жылдам бағалап, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Студенттің айтуынша, жолаушы ұлының рейске жіберілмегеніне байланысты қатты күйзеліске түскен.

Болашақ дәрігер ер адамды жатқызып, аяқтарын көтеріп, тар киімдерін ағытып, оттегі маскасы арқылы тыныс алуын қамтамасыз еткен. Көп ұзамай жолаушының жағдайы жақсарған.

Ұшақ қонғаннан кейін ер адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.