Қаскелеңде 9-сынып оқушысының мектепте қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады

Автор: Асыл Арман

Үзіліс кезінде оқушының жағдайы күрт нашарлаған

Фото: pixabay.com

Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, 9-сынып оқушысы сабақ арасындағы үзіліс кезінде өзін жайсыз сезінген. Дереу жедел жәрдем шақырылып, жақындарына хабар берілген. Сол сәтте оқушының жанында осы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әжесі болған.

Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, жасөспірімді аман алып қала алған жоқ. Ол оқиға орнында көз жұмды. Ақпан айының соңында ол 16 жасқа толуы тиіс еді.

Қазіргі таңда өлімнің нақты себебі анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Облыстық Полиция департаменті оқушының өлімін растады.