Боран мен көктайғақ: 14 өңірде дауылды ескерту жарияланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Қазгидромет» 22 қаңтарда елдің басым бөлігінде қар, тұман және қатты жел болатынын ескертіп, жолға шықпауға кеңес берді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның 14 облысында 22 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктер өңірлерде қар жауып, бұрқасын соғып, тұман мен көктайғақ болады деп болжады. 

Атырау облысында қар жауып, солтүстік және шығыс аудандарда жаяу бұрқасын күтіледі. Ал батысы мен оңтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Облыс орталығы Атырауда түнгі және таңғы уақытта тұман мен мұзтайғақ сақталады.

Павлодар облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында қар жауып, боран соғады. Түнде және таңертең солтүстігінде тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Павлодар қаласында да таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ пен бұрқасын жүреді. Кейбір өңірлерде тұман түседі. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жауын-шашын, тұман және көктайғақ болады деп болжануда.

Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталық бөлігінде көктайғақ пен тұман күтіледі.

22-24 қаңтар аралығында Алматы облысының солтүстігі, оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман түсіп, жолдарда мұз қатуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Алматы қаласында және Қонаевта да осы күндері тұман мен көктайғақ күтіледі.

Қызылорда облысының шығысы мен оңтүстігінде жолдар тайғақ болады. Солтүстік, оңтүстік және орталық бөлігінде тұман түседі. Қызылорда қаласында күндізгі уақытта көктайғақ болады.

Абай облысының батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Аягөз ауданында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында да тұман түседі.

Ұлытау облысында аздап қар жауып, бұрқасын соғады. Жезқазғанда кей уақыттарда тұман байқалады.

Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде қар жауып, боран соғады. Сондай-ақ өңірдің бірқатар бөлігінде тұман күтіледі.

Жамбыл облысының батысы мен оңтүстігінде қар жауып, көктайғақ пен тұман болады. Желдің екпіні кей жерлерде 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Тараз қаласында да қар жауып, бұрқасын соғады деп күтілуде.

Ақмола облысында аздап қар жауып, бұрқасын жүреді.

Жетісу облысының шығысы мен таулы аймақтарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Алакөл ауданында желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысында тұман мен көктайғақ күтіледі. Орал қаласында да осыған ұқсас ауа райы болжануда.

Мамандар тұрғындарды алыс жолға шыққанда абай болуға, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.