Спортшының менеджері Берік Сұлтан қоғамдағы хейт пен сынға жауап берді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы дисквалификациядан кейін тек ресми шешім жарияланған соң ғана рингке қайта оралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы оның менеджері Берік Сұлтан әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді. Ол спортшының "мансабы аяқталды" деп дабыл қағып жүргендерге жауап беріп, сынға сабырмен қарайтынын жеткізді.
«Біз жайында "мансаптың соңы" деп жазып жүргендерге айтарымыз: итке керегі үріп жүру, бізге керегі күліп жүру. Хейт пен сын болады, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Бізге қуанғандар қателеседі. Әзірге ресми ақпарат жоқ. Қазір Жәнібек ешқайда шеттетілген жоқ, ол әлі чемпион. Ресми шешім шыққаннан кейін ғана нақты қадам жасаймыз», – деді менеджер.
Сұлтан боксшыны қолдап жүрген жанкүйерлерге алғыс айтып, команданың күресуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, уақытша қиындықтар спортшының жігерін жасыта алмайды.
«Иә, жағдай болды, бірақ біз сынған жоқпыз, керісінше күшейдік. Біз міндетті түрде ораламыз. 38 жастағы Кроуфорд “Канело”ны жеңген. Бивол, Усик, Иноуэ – бәрі тәжірибелі. Лара да 40-тан асқан. Жәнібектің жасы небәрі 33. Егер жарты жыл немесе бір жыл дисквалификация берілсе де, біз қайта келеміз. “Qazaq Style” әлі рингте жарқырайды. Ең жақсысы алда. Көңілдеріңізді түсірмеңіздер», – деді Берік Сұлтан Instagram-дағы жазбасында.
Менеджер жанкүйерлерді сабырға шақырып, команданың алдағы жетістіктеріне сенім білдірді.