Ол болуы мүмкін энергия тапшылығы жайлы айтты
Депутат Еділ Жаңбыршин үкіметке энергетикадағы жүйелі дағдарыс, көмір генерациясы, ЖЭО құрылысы және жылу тапшылығына қатысты өткір ойларын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сауалында мемлекет басшысының Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында коммуналдық және энергетикалық салалардың қазіргі жай-күйіне берген бағасына ерекше назар аударылған.
«Президент бұл салаларда жылдар бойы қордаланған, ай сайын ушығып бара жатқан жүйелі проблемаларды азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін «коммуналдық айдаһарға» теңеген болатын. Электр энергиясын өндіру көлемі 123 млрд киловатт-сағатқа жетіп, ел үшін шекті, ал кейбір бағыттарда қауіпті деңгейге көтерілген. Бұл жағдай цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні дамыту және деректерді өңдеу орталықтарын салу сияқты стратегиялық міндеттердің орындалуына тікелей әсер етіп отыр»,- дейді депутат.
Еділ Жаңбыршин қазіргі заманғы дата-орталықтардың энергия тұтыну көлемі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа генерация көздері іске қосылмайынша, цифрлық трансформация бойынша ауқымды жоспарлардың нақты нәтиже бермеу қаупі жоғары.
«Қазақстанның бай ресурстық әлеуетіне қарамастан, энергетикалық жүйенің беріктік қоры ең төменгі шекке жеткен»,- деді ол.
Депутат бұл жағдайды елдің іс жүзінде «энергетикалық тығырыққа» тірелуімен байланыстырды. Бұған негізгі себеп – ескірген технологиялармен жұмыс істейтін энергетикалық нысандардың тозуы және олардың уақтылы жаңғыртылмауы. Депутаттың айтуынша, мұнай-газ секторын есептемегенде, Қазақстандағы көмір қоры 33 млрд тоннаға бағаланады.
«Бұл қор тиімді пайдаланылған жағдайда үш ғасырға жетуі мүмкін. Алайда көрші елдер көмір негізіндегі экологиялық таза әрі икемді генерацияны енгізіп үлгерсе, Қазақстанда әлі де зиянды және тиімсіз ескі технологиялар қолданылып отыр.Осыған байланысты Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытуды Ұлттық жоба деңгейіне көтеру жөнінде нақты тапсырма берген. Бұл – экологияға зиян келтіретін ескі тәсілдерге оралу емес, тиімділігі жоғары және қоршаған ортаға түсетін салмағы минималды жаңа буын электр станцияларын салу»,- деді депутат.
Жаңбыршин сауалында соңғы жылдары орын алған ірі коммуналдық апаттарға да тоқталды.
«2022 жылдың қысында Екібастұз бен Риддер қалаларында жылу беру жүйесінде болған төтенше жағдайлар бір реттік оқиға емес, жылдар бойы жинақталған жүйелі проблемалардың салдары екені айтылды.Бұдан бөлек, биылғы жылыту маусымында Ақтау мен Теміртау қалаларында да жылумен қамту мәселелері тіркелген. Бұл жағдайлар «коммуналдық айдаһардың» әлі толық ауыздықталмағанын көрсетеді»,- деді ол.
Мемлекет басшысы белгілеген 20 наурызға дейінгі мерзімді ескере отырып, депутат үкіметтен келесі мәселелер бойынша нақты әрі толық ақпарат беруді сұрады:
Депутат сауалын қорытындылай келе, азаматтар мемлекеттің тиімділігін стратегиялық бағдарламалар мен есептерге қарап емес, өз үйлеріндегі тұрақты жылу мен жарыққа қарап бағалайтынын атап өтті. Осыған байланысты энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бұдан былай кейінге қалдыруды көтермейді.