Балқаш көліне соңғы екі жылда 30 млрд текше метр су жіберілді

Автор: Асыл Арман

Нәтижесінде су деңгейі тұрақтанып, экожүйенің нашарлау қаупі айтарлықтай азайған

Фото: istockphoto.com

Соңғы екі жылда Балқаш көлін сақтау мақсатында су айдынына шамамен 30 млрд текше метр су жіберілді. Бұл көл деңгейін тұрақтандырып, экожүйенің деградацияға ұшырау қаупін төмендетуге мүмкіндік берді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Балқаш көліне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, Іле өзені арқылы келетін су көлемі көпжылдық орташа деңгейде сақталып отыр. Бұл Балқаш көлінің деңгейін Балтық биіктік жүйесі бойынша 341 метр деңгейінде тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр.

Балқаш көлін сақтау жөніндегі кешенді шараларды іске асыру аясында соңғы екі жылда көлге шамамен 30 млрд текше метр су жіберілген. Нәтижесінде су деңгейі тұрақтанып, экожүйенің нашарлау қаупі айтарлықтай азайған.

Вице-министрдің айтуынша, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен мониторингті күшейту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және су экожүйелерін қалпына келтіру бағытындағы жобалар Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығын сақтауға ықпал етіп отыр.