Павлодарда азаматтардың өтініші бойынша прокуратура балалардың конституциялық құқықтарын қалпына келтірді
Павлодарда балабақшаға баратын бүлдіршіндердің құқығы тапталып келгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Успен ауданының прокуратурасы Константиновка ауылы тұрғындарының өтінішін қарау барысында балалардың мектепке дейінгі білім алуға қолжетімділік жөніндегі конституциялық құқықтарының бұзылғанын анықтады.
Балабақшада топтың нормативтік сыйымдылығы 26 орын бола тұра, мекеме директоры тәрбиеленушілерді қабылдауды негізсіз түрде 20 баламен шектегені белгілі болды.
Нәтижесінде, жалпы үй саны 200-ден аспайтын ауылдық округте заңсыз түрде 9 баладан тұратын кезек қалыптасқан.
«Қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар жойылды: бұрын кезекте тұрған балалар мектепке дейінгі ұйымға қабылданды, медициналық құжаттама белгіленген талаптарға сәйкестендірілді.
Балабақша директоры қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.