2003 жылғы заң жобасына өзгертулер енгізілді
Енді Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Кеген-автожолдық» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Мәжіліс арнайы заңды ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс отырысында 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификацияланды.
Құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылған.
Түзету «Кеген-автожолдық» (Қазақстан Республикасы) – «Қарқара-автожолдық» (Қырғыз Республикасы) өткізу пунктінің жұмыс режимін «тәуліктің жарық уақытынан» «тәулік бойына» өзгертуді көздейді.
Бұл шешім Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, тауар айналымын арттыруға, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді.
Еске салсақ, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 12 өткізу бекеті бар, оның 8-і көпжақты және төртеуі екіжақты. Қырғыз Республикасымен шекара халықаралық құқыққа сәйкес толығымен бекітілген.