Екібастұзда шизофрениямен ауыратын ер адам әйел шәйнекпен ұрып, есінен тандырды

Автор: Асыл Арман

Оқиға 2025 жылғы қыркүйекте болған

Фото: istockphoto.com

Екібастұз қаласының тұрғыны, 30 жылдан астам уақыт бойы психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған ер адам жұбайын шәйнекпен оңдырмай ұрған. Әйел адам басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі IrbisTV-ге сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға 2025 жылғы қыркүйекте болған. Тергеу мәліметінше, әйел жұмыстан қайтып келгеннен кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Ер адам мас күйде болып, қызғанатынын айтып, әйеліне кінә таға бастаған. Ұрыс кезінде шәйнекті алып, жұбайын басынан екі рет ұрған. Соққыдан әйел есінен танып, бас-ми жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Ер адам 1991 жылдан бері есепте тұр

Сотта анықталғандай, ер адам шизофрения дертімен ауырады және 1991 жылдың басынан бері психоневрологиялық диспансерде есепте тұр.

Аталған дерек бойынша «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, алайда сот процесі ұзаққа созылмаған.

Сот шешімі: мәжбүрлі емдеу

Екібастұз қалалық соты ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешім шығарды.

«Психиатриялық стационардың жалпы типінде мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын», – делінген Екібастұз қалалық сотының қаулысында.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар 35 жылдан астам уақыт бойы некеде тұрған. Сотта жәбірленуші әйел күйеуін өмір бойына емдеуге жіберуді сұраған.

Бұл ұстанымды ер адамның қамқоршысы болып саналатын қызы да қолдаған. Оның айтуынша, әкесі анасына үнемі күш көрсетіп келген.