Денесінің жартысы күйген: Ақтауда мектеп оқушысы көшедегі ыстық суға құлап, мүгедек болып қалды (ФОТО)

Автор: Асыл Арман

Оқиға 2025 жылғы 4 наурызда Ақтаудың 15-шағынауданында болған

Фото: Lada.kz

Ақтауда құбыр жарылып, соның салдарынан мектеп оқушысын күйік шалып, кейіннен І топтағы мүгедек болып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2025 жылғы 4 наурызда Ақтаудың 15-шағынауданында болған. Сол күні қар жауып тұрған көрінеді. Мектептен қайтып келе жатқан Мирхат есімді оқушы тайып құлап, ыстық су жиналған шұңқырға түсіп кетіп, беліне дейін күйіп қалған.

Баланы Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізіп, ұзақ ем жүргізілген. Кейін оны Алматыдағы күйік орталығына ауыстырған. Оған үш рет ота жасалды: денесінің жоғарғы бөлігінен алынған тері аяқтарына көшіріліп салынған. Емделу барысында бала бірнеше рет наркоз алғандықтан, бұл оның денсаулығына кері әсер еткен.

Нәтижесінде екі айдан кейін Мирхатқа мүгедектік рәсімделіп, шамамен бір жыл төсекке таңылған. Оқу үдерісі онлайн түрде, үйінде ұйымдастырылған.

Қазір Мирхат тек пәтер ішінде ғана қозғала алады, аяғы ауыр салмақты көтере алмайды.

Жаңа жыл қарсаңында отбасы баласын қуанту үшін теңіз жағасына апарып, күннің батуын және отшашуды көрсеткен. Алайда бір сағаттан кейін Мирхат тұра да, тіпті отыра да алмай қалған.

«Мұны ата-аналар сақ болсын деп айтып отырмын. Бұрын баламыз көңілді, еті тірі еді, ал қазір І топтағы мүгедек болып қалды. Тек физикалық емес, психологиялық жағдайы да нашарлады, немерем ашуланшақ болып кетті. Ол мектепке барып, аулада құрдастарымен ойнап жүруі керек еді, енді үйде отыруға мәжбүр», – деді баланың әжесі Ақкүміс Жұбан.

Оның айтуынша, «Каспий жылу, су арнасы» тарапынан 1,5 млн теңге бөлініп, бұл қаражатқа Алматыға жол жүру билеттері алынған.

КЖСА жағдайға қатысты түсініктеме берді. Коммуналдық кәсіпорын өкілі Манас Айтжановтың айтуынша, құбыр жарылған тұста қазу жұмысы жүргізілмеген, бірақ жерді су шайып кеткен.

Құбыр жарылғаны туралы хабар «Каспий жылу, су арнасы» МКК-ге 15-шағынаудандағы үйлерге қызмет көрсететін компаниядан сағат 19:45-те түскен. Апатты жою үшін бригада дереу оқиға орнына шыққан.

«Құбыр жарылып, топырақ жұмсарып, шұңқыр пайда болған. Өздеріңіз білесіздер, құбырлар тозған, қалада мұндай учаскелер көп. Оқиға кешкі уақытта, жарықтандырылмаған тұста болған, сондықтан бала сол жерге құлап кеткен. КЖСА ешқандай қазу жұмысын жүргізген жоқ. Мамандар 10-12 минутта жетіп, сол түні жөндеу жұмысын бастады, апат жойылды. Апаттық бригада келген кезде бала ауруханада еді. Біз әрдайым жөндеу жүріп жатқан жерлерге қоршау мен ескерту ленталарын қоямыз. Егер жұмыс жол үстінде жүргізілсе, қосымша жол белгілері орнатылады», – деді Манас Айтжанов.

Ол зардап шеккен отбасыға 3 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілгенін, сондай-ақ дәрі-дәрмек алуға жәрдем берілгенін атап өтті.

Қолайсыз жағдайлардың қатар келуі, өтінімнің кеш түсуі және шағынаудан ішіндегі жарықтың нашарлығы – осы факторлардың бірі немесе жиынтығы оқиғаның болуына себеп болуы мүмкін. Баланың ата-анасы осындай ауыр зиян үшін билік органдары, оның ішінде материалдық тұрғыда да жауап беруі тиіс деп есептейді.