8,5 млрд теңгенің жобасы: Түркістандағы тоннельді топырақ басты

Автор: Azattyq Rýhy

Шақпақ асуындағы құрылысы 4 жылдай тоқтап қалған жер асты өткелін топырақ басып, жұмыс тоқтап тұр

Бұған дейін Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Түркістан облысындағы Шақпақ асуында салынып жатқан тоннель құрылысының 70-80 пайызы аяқталды деген хабар болған еді.

Ұзындығы 840 метр болатын тоннельді алғашында ирандық құрылыс компаниясы бастаған. Алайда құрылыс жұмыстарына байланысты түрлі мәселелер туындап, енді жобаны Түркия мен Әзербайжаннан келген мердігер компаниялар жалғастырып жатыр. Әзербайжан компаниясы толықтай құрылыс жұмыстарын жүргізсе, түрік компаниясы жұмыстың атқарылуына (бақылау, қадағалау) тікелей жауапты болады. Қазір тоннельдің 200 метрден астам бөлігін әлі де жарып, қазу керек. Сондай-ақ 488 метр жерге тіреуіштер орнатып, цемент құйылу қажет.

«Біз бұл жобаны ирандықтардан жұмыстың жартысы біткен кезде қабылдап алдық. Алайда, осы аралықта тоннель жұмысы 4 жылдай тоқтап қалған. Нәтижесінде төбесіндегі бос топырақ цементтелмеген тіреуіштерді майыстырып, тоннельдің біршама бөлігін басып қалған. Тоннельдің сол жақ бөлігін биылғы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беруіміз керек еді. Енді 2020 жылдың сәуірінде беруді жоспарлап отырмыз. Себебі, тоннелдің 28 метрін жауып қалған топырақтың кесірінен жару жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз. Өйткені, бұл қауіпті. Қазір бос топырақты қатайту үшін төбе жағынан бұрғылап, цемент құйып жатырмыз. Содан кейін тазалау жұмыстарын жүргізіп, құрылысты жалғастырамыз», - дейді «Evroscom» компаниясы жоба жетекшісінің орынбасары Кадыр Кадыров.

Тоннель ішін бос топырақтың жауып қалуы қосымша қаржыны талап етеді. Сондықтан, жер асты өткелінің сметалық құны тағы да қымбаттауы мүмкін. Қазір бұл жобаға байланысты қосымша шығынды есептеп жатыр. Оның үстіне құрылысқа қажетті кей материалдар Түркиядан әкелінеді. Мұндағы жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті халық болса, 30 пайызы шетелдіктер. Олардың орташа жалақысы 150 мыңнан басталып, 200-300 мыңға дейін жетеді екен.

Құрылыс жұмыстарының әу бастағы жалпы құны 8,5 млрд теңге шамасында. Оның 2 миллиарды жер асты өткелін салуға жұмсалса, қалған қаражат жол салуға бөлінген. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жобаны қаржыландыруда мәселелер бар. Тоннельді топырақ басып қалғаннан кейін құрылысшылардың да жұмысы жүрмей қалған. Осыған байланысты атқарылған жұмысқа берілетін қаржы мәселесінде қиындықтар туындаған. Жанармай тапшылығы мен құрылыс жұмыстарына қажетті Қазақстанда битум табуда да қиын екен.

«Әу баста бұл жоба Е санатындағы тоннель болып жобаланған. Яғни, бұл жермен өрт қаупін тудыратын битум және газ таситын көліктер өте алмайды деген жоспар болған. Біз бұл жобаны алғанда, тоннель А санатына өтті. Енді бұл жолмен барлық деңгейдегі көліктер өте алады. Сондықтан, енді жарық шамдары да өзгертіліп, өрт сөндіру жүйесі басқаша жүргізіледі. Бұған дейінгі жобада өрт сөндіру жүйесі жоқ еді. Желдету құрылғысы да өзгереді. Күшейтілген сорғы бекеттері, бақылау камералары орнатылады», - дейді құрылысшылар.

Құрылыс жұмыстарының созылуына жобаның өзгеруі де себеп болған. Жаңа жоба бойынша тоннель ішінде апат не өрт болған жағдайда адамдар қауіпсіздігі үшін арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұл бөлмелер әрбір 300 метр сайын орналастырылады. Одан бөлек, жер асты өткелінде ирригация жүйесі (жерді қолдан суландыру) мен жаяу жүргінші жолын салу да жоспарланған. Сондай-ақ, тоннельдің екі жағында тікұшақ қонатын орын салынады.

Арай Есенбек, Түркістан облысы