Әрбір министр мен әкімнен көзге көрінетін нәтиже күтеміз – Бектенов

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол президент әрбір жауапты лауазымды тұлғаға қатаң талап қойғанын айтты

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалардың жалғасы болған бірқатар бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейтуге қатысты ұсыныстар саяси жүйемен қатар азаматтарымыздың саяси мәдениетінде де демократиялық қағидаттардың біржолата орнығып келе жатқанын көрсетеді», - деді Бектенов.

Үкімет басшысы атағандай, Қазақстанның заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды.

«Атап айтқанда, қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік, сондай-ақ заң мен тәртіп қағидаттарына деген мызғымас ұстаным ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы негізгі ұлттық құндылықтардың қатарында тұр.Президент өз сөзінде еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты басты міндеттерді нақтылап берді. Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тың инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі жөнінде қатаң талап қойды. Бұл талап өмірдің барлық саласына қатысты. Әрбір министр мен әкімнен әрбір сала мен өңір бойынша көзге көрінетін, нақты нәтижелер күтіледі», - деді ол.