Қазақстанда қазы-қартаның саудасы қызды

Автор: Мөлдір Қазыбай

2025 жылы елге әкелінген жылқы еті екі есеге артты

Фото: pixabay.com

2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстанға құны 10,7 млн доллар болатын 3,8 мың тонна ет импортталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Data-Hub мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоннамен есептегенде 119%-ға, ал ақшалай мәнде 100%-ға артқан. Осылайша, соңғы он жылдағы ең жоғары деңгей тіркеліп отыр. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылдың алғашқы 11 айында байқалған болатын. Алайда биылғы көлем сол кезеңмен салыстырғанда физикалық тұрғыда 12%-ға, ал қаржылай есепте 17%-ға жоғары.

Импорт құрылымында Моңғолияның үлесі айтарлықтай артқан. Жалпы жеткізілімнің 60%-ы осы елге тиесілі. Бір жыл ішінде Моңғолиядан келетін ет көлемі 3,6 есеге көбейген. Соңғы он жылда бұл елдің үлесі мұндай жоғары деңгейге тек 2022 жылы ғана жеткен еді.

Ішкі өндіріс те өсім көрсетіп отыр. Алдын ала деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қарашасында сойылған малдың ет салмағы 146,8 мың тоннаны құрады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп. Демек, импорттың күрт артуы ішкі тұтынудың да аздап өскенін аңғартады.

Экспорт көлемі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. 2025 жылдың 11 айында шетелге небәрі 124 тонна ет сатылған. Оның барлығы Өзбекстанға жөнелтілген. Бұл импортпен салыстырғанда мардымсыз болғанымен, бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш саналады.

Салыстыру үшін айтсақ, соңғы он жылда Қазақстаннан шетелге сатылған жылқы етінің жалпы көлемі бар-жоғы 47,5 тонна болған. Оның басым бөлігі 2020 жылға тиесілі, ал қалған жылдары экспорт көрсеткіші нөлге жақын деңгейде қалып келген.

Осылайша, 2025 жылы елімізде ет импорты күрт өсіп, соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейге жетті. Ал экспорт көлемі аз болғанымен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда белгілі бір серпін байқалып отыр. Қазіргі жағдай ішкі нарықтағы сұраныстың біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.