$ 507.05  594.82  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Миллиондар жұмсалды, бірақ мектеп мұздай: Қостанайда оқушылар онлайн оқуға көшті

754 млн теңгеге жаңғыртылған №122 мектепте жылу жүйесі істен шықты

Миллиондар жұмсалды, бірақ мектеп мұздай: Қостанайда оқушылар онлайн оқуға көшті
Фото: pixabay.com

Қостанайдағы №122 мектептің оқушылары суық сыныптарда отырмау үшін қашықтан оқуға көшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бұл білім ордасында жуырда күрделі жөндеу жұмыстар жасалған. Ол биыл қаңтардың басында қолданысқа берілген. Жөндеу мерзімінен бұрын аяқталған көрінеді. Бюджеттен 754,5  млн теңге бөлініп, толық қалыпқа келтірілген мектепте бүгінде жылу жоқ.  Әлеуметтік желіде ата-аналар мен тұрғындар балалардың тоңып отырғанын айтып, дабыл қақты. Осы мәселеге қатысты қалалық мәслихат депутаты Ержан Үсенов мектепке арнайы барып, жағдаймен танысқан.

«Мектептің іші өте суық. Әзірге жылу жүйесі дұрыс реттелмеген сияқты. Сонымен қатар раковиналардан ыстық су ақпайды, тек салқын су ғана келеді. Яғни, ыстық сумен қамтамасыз ету іс жүзінде жұмыс істемей тұр», – деді депутат. 

Ол бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Ал, мектеп директоры Маржан Аймағанбетова оқушылардың уақытша қашықтан оқуға ауысқанын растады. Оның айтуынша, №122 мектепте жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары толық орындалған. Атап айтқанда, ғимараттың қасбеті жылытылып, терезелер мен шатыр жаңартылған. Алайда қазір кейбір сыныптарда температура нормадан төмен екенін жасырмады. Осыған байланысты жауапты қызметтермен бірлесіп, жылу жүйесіндегі кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі мен коммуналдық қызметтер жылу жүйесін ретке келтіруге кіріскен. Ал ата-аналар балалардың денсаулығына алаңдап, мәселенің тез арада шешілуін талап етуде.