Петропавлдағы диірмен кешенінде өрт шықты
Қауіп көрші ғимараттарға таралмады, зардап шеккендер жоқ
Петропавл қаласындағы Әуезов көшесінде орналасқан диірмен кешенінің өндірістік цехында өрт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер күшейтілген шақырту санатымен жедел жеткен. Құтқарушылар алдымен шатырдағы ашық жалынды ауыздықтап, кейін өрттің жасырын ошақтарын толық жою үшін ғимарат конструкцияларын бөлшектеуге кіріскен.
«Өрт сөндіру кезінде су үздіксіз берілді. Қызметкерлер үйлесімді әрекет етіп, тілсіз жауды барынша қысқа уақытта ауыздықтады. Ең бастысы – жалынның көрші нысандарға таралу қаупі жойылды», – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.