Жан басына шаққанда ол 15 мың долларға жетті
Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖІӨ көрсеткіші бойынша Орталық Азиядағы рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білудің арқасында өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындыладық. Экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Елдің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ алғаш рет 15 мың долларға жетті. Бұл – Орталық Азия бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды, алтын-валюта резервтері 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жетті, орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа ұзарды. Ең бастысы – қоғам өзгерді, реформалар тұрақты сипат алды, халықтың сана-сезімі жаңа деңгейге көтерілді», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, осы үдерісте Ұлттық құрылтайдың рөлі айрықша.
«Төрт жыл ішінде Құрылтай ел өміріне тікелей әсер еткен көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Бұл Құрылтайдың ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалды. Құмар ойын мен нашақорлыққа қарсы күрес күшейтілді. Ономастика саласы жүйеленді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа құрметті атақтар еніп, еңбек адамдарының мәртебесі артты», - деді мемлекет басшысы.