«Қызылордаға келіп, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес»: Тоқаев Көкарал бөгетіне қатысты ойын айтты
Жоба жылдың соңында басталады
Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арал мәселесіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қызылордаға келіп, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы Жолдауымда айттым. Көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Қайтып тартылған Кіші Аралдың қайта қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету жобасы қолға алынып жатыр, құрылыс осы жылдың соңында басталады. Бұл Кіші Аралға келетін судың көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстандағы ірі өзендердің басым бөлігі шекаралас мемлекеттерден бастау алады.
«Сондықтан Сырдария суының теңізге жетуі көрші елдердің су саясатына тікелей байланысты. Осыған орай Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Аралдың ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін де көршілермен мәмілеге келіп, нақты келісімдерге қол қоюымыз қажет. Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс, сондықтан бұл мәселемен жүйелі түрде айналысуымыз керек .Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. БҰҰ-ны реформалау аясында бұл бастаманы ілгерілету қажет. Алдағы сәуір айында Астанада халықаралық экология саммиті өтеді. Бұл жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің басшылары бас қосып, өзекті мәселелерді талқылайды. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірінің одан әрі көркеюіне жол ашады деп сенемін» - деді президент.