$ 507.05  594.82  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бір жылдағы жұмыстың нәтижесі: Ұлттық құрылтай аясында алты заң қабылданды

Бір жылда 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекіген

Бір жылдағы жұмыстың нәтижесі: Ұлттық құрылтай аясында алты заң қабылданды
Фото: instagram.com/erlankarin2019

Қызылорда қаласында басталған Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекетті кеңесші Ерлан Қарин бұған дейін Бурабайда өткен отырыстың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысынан кейін мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру мақсатында 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекіді. Осы жоспарға сәйкес бірқатар маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Біріншіден, Құрылтай бастамаларының жүзеге асырылуы нәтижесінде Парламент депутаттарының қолдауымен өткен жылы алты заң қабылданды. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу, жеке меншік объектілерге атау беруді жүйелеу, қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киім түрлеріне тыйым салу сияқты мәселелерді реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енді. Сонымен қатар осы кезеңде тағы он заң жобасы жұмысқа алынды»,- деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, өткен жылдың қараша айында Президенттің Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағдарлары да айқындалған.

«Бұл құжат – тәуелсіз Қазақстан тарихында ішкі саясат саласын жүйелейтін алғашқы тұжырымдамалық құжат. Оны әзірлеуге Құрылтай мүшелері мен белгілі сарапшылар белсенді атсалысты. Үшіншіден, ғылым және білім, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласында маңызды бастамалар қолға алынды. Жақында ғылыми қалашықтарды құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды, мектептердегі азаматтық тәрбие бағдарламасы жетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» ұрпақтас бағдарламасы әзірленді. Балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған бастамалардың барлығы осы құжатта қамтылды. Сонымен қатар Үкімет қаулысымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар қабылданды», - деді мемлекеттік кеңесші.

Қарин атағандай, өңірлерді дамыту бағытында бірқатар бастамалар іске асты.

«Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың басты мақсаты – халықты негізгі инфрақұрылыммен тең деңгейде қамтамасыз ету. Өңірлердегі негізгі мәдени және туристік іс-шаралардың тізбесі жасалды.Бұл – бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Жалпы Бурабайда айтылған бастамалар мен ұсыныстар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Оларды тиімді іске асыру мақсатында Құрылтай мүшелері секцияларда жұмыс істеп, тұрақты кездесулер мен талқылаулар өткізді, жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет етті», - деді мемлекеттік кеңесші.