Депутат білім беру нысандарын қаржыландыруды аудандық бюджет деңгейіне қайтаруды ұсынды
Ол 176 аудандық әкімдіктің қаржы бөлу мүмкіндігі шектеліп отыр дейді
Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов ауылдарды дамыту бағытында бірқатар ұсынысын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз жақында әріптес депутаттармен бірге өңірлерге барып, халықпен кездестік. Сапарда халық ел бастамаларына жақсы баға беріп отыр. Өзім сайланған Абай облысына 1 трлн 200 млрд теңге бөлінді. Бұл біздің өңіріміз үшін бұрын-соңды болмаған нақты, қомақты қолдау. Кеше экономикалық даму секциясының жұмысына қатыстым. Секцияда аймақтарды дамыту бойынша бірқатар бастамалар көтерілді. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында атқарылып жатқан жұмыс оң бағаланды. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін. Мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үлестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек», - деді Сабильянов.
Депутат атағандай, президент әкімдердің диалогтық платформасында ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту жөнінде нақты тапсырма берді.
«Өңірлерге сапар барысында ауыл әкімдерінің қаржылық дербестігін арттыру, жергілікті салықтар мен шығыстарды басқару құзыретін нақтылау мәселелері жан-жақты талданды. Осыған орай білім беру нысандарын қаржыландыруды аудандық бюджет деңгейіне қайтаруды ұсынамын. Мысалы, шалғай ауылдағы бір мектептің жылу жүйесі істен шықса, мәселені жедел шешу қиын, себебі аудан әкімі тікелей қаражат бөле алмайды, ол үшін облыстық бюджетті нақтылау қажет. Қазіргі жағдайда 176 аудандық әкімдік өз аумағындағы мектептерді жөндеуге, жаңа ғимараттар немесе спорт залдарын салуға қаржы бөлу мүмкіндігінен шектеліп отыр», - деді Сабильянов.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан ауылға барған жас дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы мөлшері 8,5 миллион теңге.
«Алайда жүргізілген талдау бұл қолдау шарасының барлық өңірде бірдей әрі толық көлемде тиімді жұмыс істеп тұрмағанын көрсетті. Осыған байланысты аталған қолдау тетігін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы тікелей үлестіру және оның әлеуетін күшейту маңызды деп санаймын. Бағдарлама аясында дәрігерлерді ауылдық елді мекендермен қатар шағын және моноқалаларға тарту үшін нақты тетіктерді енгізу қажет. Ол үшін әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту және өзге де мүмкіндіктерді бір жүйеге келтіру орынды», - деді депутат.
Ол атағандай, «Таза Қазақстан» бастамасы – қатардағы акция емес, бұл ұлттық жауапкершілікке негізделген жалпыұлттық қозғалыс.
«AMANAT» партиясы бұл бастаманы жан-жақты қолдап келеді. Жастарымыз «Таза Қазақстан» эстафетасы аясында 2 203 шақырым аумақты тазалап, баршамызға үлгі көрсетті. Сондықтан бұл бастаманы бүгінде еліміздің әрбір тұрғыны, әрбір көкірегі ояу, елге жанашыр азамат қолдауы тиіс. Себебі «Таза Қазақстан» – ұлттық идеяға пара-пар, халықты біріктіретін іргелі іс. Экологиялық жауапкершілік тек тұрғындардың белсенділігімен шектелмеуі керек. Бұл үдеріске барлық өндіріс орындарын, әсіресе экологиялық тәуекелі жоғары кәсіпорындарды тарту қажет. Осы орайда Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы аясында «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа деңгейге көтеруді ұсынамын. Мерейтой аясында әрбір азамат өз ауласын, көшесін, ауылын, ауданын, қаласы мен өңірін көркейтуге және таза ұстауға үлес қосса деген тілегім бар. Халық Тәуелсіздіктің 35 жылдығына осылайша атсалысса, бұл елге деген шынайы тарту болар еді», - деді депутат.