Италиялық сән империясының негізін қалаушы Валентино Гаравани өмірден өтті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Аңызға айналған дизайнер 92 жасында Римде көз жұмды

Фото: © AP Photo / Matt Sayles

Әлемдік сән индустриясының символына айналған атақты дизайнер Валентино Гаравани Римдегі резиденциясында жақындарының ортасында өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ақпаратты Валентино Гаравани мен Джанкарло Джамметти қоры ресми түрде мәлімдеді. 

Қоштасу рәсімі Рим қаласында сәрсенбі және бейсенбі күндері өтеді. Ал марқұмды жерлеу жұма күні ұйымдастырылады.

Валентино Гаравани 1932 жылы Италияның Павия провинциясындағы Вогера қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнерге құмар болған ол білімін алдымен Миланда, кейін Парижде жалғастырды. Франциядағы Бейнелеу өнері мектебінде және Жоғары сән синдикатында оқып, Жан Дессе мен Ги Ларош сынды әйгілі модельерлердің қол астында тәжірибе жинақтады.

1960 жылы отанына оралған Валентино серіктесі Джанкарло Джамметтимен бірге Римде Valentino сән үйін құрды. Осылайша әлемдік подиумдарда италиялық стильдің жаңа дәуірі басталды. Оның талғампаз, асқан нәзіктікке толы топтамалары корольдік әулеттер мен Голливуд жұлдыздарының таңдаулы брендіне айналды.