$ 509.63  592.34  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қыстың қақ ортасында Павлодар тұрғындары жылусыз қалды

Мектептер мен ауруханаларда да салқын, ал әкімдік жылу қалыпты деп отыр

Қыстың қақ ортасында Павлодар тұрғындары жылусыз қалды
Фото: freepik.com

Павлодар қаласында аяздың беті қайтса да, көпқабатты үйлердегі пәтерлер салқындап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрғындар жылу батареяларының дұрыс қызбайтынын айтып, жаппай шағымдануда. Суық тек үйлерде ғана емес, бірқатар мектеп пен медициналық мекемелерде де сезіле бастаған.

Қала тұрғындарының айтуынша, Усолка, МДС, Химқалашық шағын аудандарында және орталық бөлікте жылу жеткіліксіз. Арай есімді азаматша бұрын пәтердегі температура +29 градусқа дейін жетсе, қазір небәрі +23 градус болып тұрғанын айтады. Оның сөзінше, батареялар бұрынғыдай қызбайды, ал соңғы күндері үй іші азынап кеткен. Ата-аналардың сөзінше, кей мектептерде оқушылар сырт киіммен отыруға мәжбүр. №3 қалалық аурухана мен жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастар да палаталардың суықтығына шағымданған.

Пәтер иелері кооперативінің өкілдері жертөлеге келетін жылу 60-72 градус екенін алға тартты. Бұл нормадан төмен. Ал, әкімдіктің хабарлауынша, жылыту маусымы басталғалы бері арнайы 10 жұмыс комиссиясы құрылған. Құрамында жылу инспекциясының мамандары, қызмет көрсетуші ұйымдар мен әкімдік өкілдері бар. 13-19 қаңтар аралығында комиссияға 10 өтініш түскен, бірақ олардың ешқайсысында жылумен қамту талаптарының бұзылғаны расталмаған.

Шенеуніктердің айтуынша, шағымдардың басым бөлігі ішкі жылу жүйесі ескірген, панель жіктері мен терезе саңылауларында ақауы бар үйлерден келіп түскен. Мұндай тұрғын үйлердің иелеріне жылу желілері қызметкерлері ақауларды жою бойынша ұсыныстар берген. 

Жергілікті билік барлық өтініштің жедел қаралып жатқанын, қажет болған жағдайда жылумен қамтуды қалпына келтіру шаралары қабылданатынын мәлімдеді.