Ирандағы наразылықтар кезінде 3,7 мыңнан астам адам зардап шекті

Автор: Аягөз Құрмаш

Салдарынан 300 мешіт бүлінген

Фото: pixabay.com

Иранда болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 3,7 мыңнан астам адам жарақат алған. Сондай-ақ жүздеген мектеп, мешіт және құқық қорғау органдарының көліктері зақымданғанын Ислам республикасы мәжілісінің (бір палаталы парламент) ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы Эбрахим Азизи мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, наразылықтар кезінде 250-ден астам мектеп, 300 мешіт, 90 діни оқу орны, сондай-ақ тәртіп сақшылары мен Ислам революциясы сақшылар корпусының «Басидж» жасақтарына тиесілі 2221 автокөлік зақымданған.

Mehr агенттігі хабарлағандай, Иранның солтүстігіндегі Гилян провинциясында тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен 50 адам ұсталды. Жалпы қамауға алынған наразылыққа қатысушылар саны 1,5 мыңнан асты.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф жағдайды дипломатиялық жолмен реттеу үшін Вашингтонның Тегеранға қойған төрт негізгі талабын атады. Олар: ядролық байытуды тоқтату, зымыран арсеналдарын шектеу, ядролық материал көлемін қысқарту және прокси-топтарға қолдау көрсетуді доғару.