«Ұятсыз суреттеріңді туыстарыңа таратамын»: бойжеткенді бопсалаған жігіт 4 жылға сотталуы мүмкін
Оқиға Жаңаөзенде болды
Жаңаөзенде полицейлер бопсалау қылмысы бойынша күдікті екі ер адамды ұстады. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың бірі 24 жастағы қызды интимдік фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, 1 миллион теңге талап еткен. Бұл туралы Lada.kz хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, полицияға 2000 жылы туған жәбірленуші арызданған. Оның айтуынша, 1997 жылы туған ер адам интимдік фотосуреттерді әлеуметтік желілерде және туыстары арасында таратамын деп қорқытып, одан 1 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті WhatsApp арқылы алдымен 200 мың теңге аударуды, ал қалған 800 мың теңгені 2026 жылғы 20 қаңтарға дейін төлеуді талап еткен. Ақшаны көрсетілген шотқа аударуды сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 17 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында екі ер адам ұсталды.
Тінту барысында күдіктілердің бірінен көк түсті iPhone 14 Pro Max ұялы телефоны, екіншісінен қара түсті iPhone 11 тәркіленді. Құрылғылар заттай дәлел ретінде іске тіркелді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бопсалаушыларға 4 000 АЕК-ке дейін (17 300 000 теңге) айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмысы, 1 000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, мүлкін тәркілеу немесе тәркілемеу қарастырылған.