Ақтөбеде бұрынғы сүйіктісін пышақтаған әйелге үкім шықты
Ақтөбе қаласында 39 жастағы әйел экс-сүйіктісін пышақтағаны бойынша іс сотта қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Айыптау үкімі шыққанымен, сотталушы кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеп отырғандықтан, жазаны орындау уақытша кейінге қалдырылды.
Іс материалдарына сәйкес, әйел адам өз үйінде үш таныс ер адаммен бірге спирттік ішімдік ішкен. Олардың бірі – оның бұрынғы сүйіктісі. Екі ер адам дүкенге ішімдік алуға кеткен кезде, пәтер иесі мен қалған қонақтың арасында жанжал туындаған.
Ер адам әйелді мойнынан ұстап, жыныстық қарым-қатынасқа тартқан. Бұл жағдай әйелдің ашуын туғызып, ол пышақ алып, ер адамның ішіне сұғып алған.
Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, әйелге «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған. Іс сотқа жолданған.
Сот отырысында ер адам сол күні бұрынғы қарым-қатынасты еске алып, оны қайта жандандырғысы келгенін мойындады. Ол әйелді мойны мен белінен ұстағанын растады, алайда сотталушыны кешіретінін айтып, қатаң жаза қолданбауды сұрады.
Ал әйелдің айтуынша, бұрынғы сүйіктісі агрессивті мінез көрсетіп, өзін тұншықтырған әрі киімін шешуге тырысқан. Ол мұны зорлау әрекеті ретінде бағалап, өміріне қауіп төнгендіктен қорғану мақсатында әрекет еткенін жеткізді. Әйел бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Сот әйелді кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаның орындалуы алты айға кейінге шегерілді.
Сонымен қатар сот сотталушыға маскүнемдікке қарсы ем қабылдауды міндеттеді.