30 млн теңгенің дүние-мүлкі: Алматыда қарақшылар әйел адамды байлап, үйін тонап кетті

Автор: Асыл Арман

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: Алматы қаласы ПД/Видеодан скрин

Алматына 30 миллион теңгенің қарақшылық шабуылы бірден әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласында полиция қызметкерлері шамамен 30 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген қарақшылық шабуылды «ізін суытпай» ашты.

Қылмыс күндізгі уақытта жасалған. Белгісіз әлдебіреу күш қолданамын деп қорқытып, жәбірленушіні байлап, зергерлік бұйымдар, бағалы мүлік және ақшалай қаражатты қолды қылған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде екі күдіктіні анықтап, ұстады. Тергеу әрекеттері кезінде ұрланған мүліктің едәуір бөлігі тәркіленді. Ұсталғандар кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бұл қылмыстың ашылуы – іске тартылған барлық бөлімшенің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесі. «Заң мен тәртіп» қағидаты біз үшін ұран емес, күнделікті қызметтің басты талабы. Ауыр қылмыстың ешқайсысы жауапсыз қалмайды, ал әрбір жәбірленуші мемлекет пен полицияның өз жағында екеніне сенімді болуы тиіс», – деді Алматы қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.