Аязда апатқа ұшыраған су желісі тұрғындарды әбігерге салды
Өскеменде ірі су құбыры жарылып, салдарынан қаладағы бірқатар ауданға су беру тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апат Беспалов көшесінің маңында болған. Мамандардың айтуынша, диаметрі 400 миллиметр болатын негізгі су желісі зақымданған. Соның салдарынан бірнеше шағынауданда су толық өшірілді.
Қазір Мирный кенті мен оған іргелес аумақтарда ауызсу жоқ. Атап айтқанда, Севастопольская, Виноградов, Микоян, Карбышев көшелерінің тұрғындары, сондай-ақ Назарбаев даңғылы бойындағы үйлер сусыз отыр.
Жеке сектор тұрғындары жағдайдың одан әрі ушығуынан қауіптенеді. Аяз күшейсе, су құбырлары қатып қалуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.
Оқиға орнына жедел түрде жөндеу бригадалары тартылған. Қазір апатты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен су қашан толық беріле бастайтыны әзірге нақтыланбады. «Өскемен Водоканал» кәсіпорны тұрғындарға уақытша су тасымалдау ұйымдастырылғанын хабарлады.