$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Екібастұз маңында көлік мұз астына түсіп, төрт адам ажалдан аман қалды

Олардың үстіндегі киімдері мұз болып қатып, қозғалу мүмкіндігінен айырылған

Екібастұз маңында көлік мұз астына түсіп, төрт адам ажалдан аман қалды
Фото: polisia.kz

Павлодар облысындағы сарышұнақ аязда төрт бірдей балықшы өлім аузынан қалды. Мұз астына түсіп кеткен көліктен шығып үлгергенімен, олардың үстіндегі киімдері мұз болып қатып, қозғалу мүмкіндігінен айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Құтқару операциясы: Киімдерін қайшымен кесуге тура келген

Оқиға бүгін таңертең Екібастұз қаласына жақын жердегі 9-сорғы станциясы аумағындағы су қоймасында болған. Сағат 07:33-те полицияға Mitsubishi Delica көлігінің мұз астына түсіп кеткені туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына бірінші болып жеткен учаскелік инспектор Архар Оспанов жағдайдың өте күрделі екенін көрген: Аймақта қатты аяз тұрды. Судан шыққан балықшылардың үстіндегі дымқыл киімдері қас-қағым сәтте мұз болып қатып қалған. Олардың қозғалуы мүмкін болмағандықтан, полицейлерге балықшылардың шалбарын қайшымен кесуге тура келген.

«Балықшылар қатты үсіп қалған. Үстеріндегі киімдері мұзға айналып кеткендіктен, оларды бірден көлікке отырғызу мүмкін болмады — полицейлер шалбарларын кесіп барып, жылы жерге жеткізді», — деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.

Дәрігерлердің көмегі және көліктің тағдыры

Құтқарылған төрт ер адамға бірнеше минут ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Содан соң олар «дене мұздауы» диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Ешкім ауыр жарақат алмаған.

Ал балықшылардың Mitsubishi Delica маркалы жол талғамайтын көлігі су түбіне кетті. Қазіргідей ауа райы жағдайында оны мұз астынан шығару мүмкін болмай отыр.

Ескертулерге қарамастан мұзға шыққан

Полиция департаменті балықшылардың қауіпсіздік ережелерін елемегенін айтады. Қатты аяз бен мұздың жұқаруы туралы ескертулерге қарамастан, олар су қоймасына көлікпен шығып кеткен. Көліктегі құрал-саймандарын түсіріп жатқан сәтте темір тұлпар мұзды жарып, суға батқан.

Серіктес жаңалықтары