Маңғыстау облысындағы автобус апаты: тағы бір жолаушы көз жұмды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Бейнеу бағытына шыққан рейстегі тағы бір жолаушы ауруханада көз жұмды

Фото: Көлік министрлігі

Маңғыстау облысында Ақтаудан Бейнеу ауданына бағыт алған автобустың жолаушылары қатысқан жол апатынан көз жұмғандар саны артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген тағы бір жолаушының өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Осылайша, апат салдарынан қаза тапқандар саны 5 адамға жетті.

«Өкінішке қарай, осы оқиға орнында 4 адам қаза тауып және бір адам Бейнеу көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, қаза тапты. Қазіргі таңда 13 адамның денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда», - дейді басқарма басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева. 

Оқиғадан кейін 42 адам түрлі жарақатпен Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген. Қазір 13 науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Үш науқас реанимация бөлімінде жатыр. Қалған жолаушылар медициналық көмектен кейін үйлеріне жіберілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, өңірлік дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық медициналық үйлестіру орталығымен тұрақты байланыста жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша көмек көрсету мәселесі қарастырылуда.

Жол апатына байланысты облыс әкімдігі жанынан жедел штаб құрылып, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша кешенді шаралар қабылданды. Сондай-ақ Бейнеу ауданына тәжірибелі дәрігерлер тобы жіберілді.

Полиция дерегінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.