Зардап шеккен балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, қазір дәрігерлер мен әжесінің бақылауында
Шымкентте туған анасы өз балаларын аяусыз ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл деректі қалалық полиция департаменті растады. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел балаларын жүйелі түрде қорлап, ұрып-соғып келген. Бұл жағдайға қатысты отбасының туыстары арызданған.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, хабарлама түскен бойда отбасының тұрғылықты мекенжайына ювеналдық және қылмыстық полиция қызметкерлері, сондай-ақ басқа да уәкілетті қызмет өкілдері жедел барған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады. Онда әйелді ата-ана құқықтарынан айыру мүмкіндігі мәселесі қаралады», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Зардап шеккен балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, қазір дәрігерлер мен әжесінің бақылауында. Екі кіші бала уақытша сәбилер үйіне орналастырылды. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.