Сарапшылар түсіндіру жұмысын жүргізді
Қазақстандық салық кеңесшілер қауымдастығы салық реформаларына арналған ауқымды конференция өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Салалық конференция Қазақстандық салық кеңесшілер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. Мамандар 2026 жылы күшіне енген Салық кодексін бизнес өкілдеріне бірнеше сессия аясында жаңашылдықтарды түсіндірді.
Қазақстандық салық кеңесшілер қауымдастығының басшысы Сәкен Қариннің айтуынша, іс-шараға бизнес қауымдастық өкілдері, бухгалтерлер, заңгерлер және кәсіпкерлер қатысты.
«Жалпы қатысушылар саны 200-250 адамды құрады. Конференция барысында Қазақстандағы салық жүйесіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен қаралды», - дейді ол.
Қарин атағандай, конференция барысында ҚҚС бойынша өзгерістер, корпоративтік және жеке табыс салығы, салық әкімшілігі және оны жетілдіру жолдары айтылды.
«Сонымен қатар, қатысушыларға арнаулы салық режимдеріне қалай көшу керек, әр режимнің шарттары мен талаптары қандай, бір режимнен екіншісіне ауысудың тәртібі қалай жүзеге асатыны туралы жан-жақты түсіндіреміз. Қазақстандық салық кеңесшілер қауымдастығы салық реформаларына белсенді түрде атсалысып келеді. Қауымдастық мүшелері Салық кодексіндегі жаңа нормаларды түсіндіру, бизнес өкілдеріне тәжірибелік көмек көрсету бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізеді», - дейді Қарин.
Оның айтуынша, бизнес пен салық органдары арасындағы өзара түсіністікті арттыру үшін кәсіби алаңдарда ашық диалог қажет.
«AMANAT» партиясы кәсіпкерлерге жаңа салық нормаларын түсіндіру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі желісі арқылы партияның атына мемлекетпен өзара қатынастарды әкімшілендіру практикасына байланысты кәсіпкерлерден көп өтініш келіп түскен. Осыған байланысты қаңтардың ортасынан бастап елдің барлық өңірлерінде кәсіпкерлерге консультациялық және түсіндіру көмегін көрсетуге бағытталған партиялық бастаманы іске қосу ұсынылды.
Мақсат – мемлекет пен шағын және орта бизнес арасында диалог орнатып, нормаларды түсінікті әрі бірізді түрде түсіндіруді қамтамасыз ету, жаңа ережелерге көшу кезінде қателік тәуекелдерін азайту, салықтық сауаттылықты арттыру.
Еске салсақ, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Ол салық салу тәсілін түбегейлі өзгертеді, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетеді және бизнес пен жеке тұлғаларға арналған цифрлық сервистерді енгізеді.