Олар инвестициялық жарнаманың құрбаны болды
Павлодар облысында екі әпкелі-сіңлілі әйел алаяқтарға 10 миллион теңгесін аударып жібергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, павлодарлықтардың көпшілігі алаяқтардың негізгі тәсілдерінен хабардар болғанымен, қаскөйлердің айласына оңай түсіп қалатындар әлі де кездеседі.
«Интернеттен зейнеткерлерге арналған дивидендтер алу туралы жарнаманы көріп қалдым. Ол мені қызықтырып, толық ақпарат алу үшін сілтеме арқылы өттім. Сол күні өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстырған белгісіз ер адам байланысқа шықты. Ол дивидендтерді рәсімдеуге көмектесетінін айтты. Қуанып, табысымды арттыру үшін әпкемді де қатысуға шақырдым. Кейін оның нақты нұсқауларына сүйене отырып, екеуміз бізге айтылған банк шоттарының нөмірлеріне шамамен 10 миллион теңге аудардық», – дейді Екібастұз қаласының жәбірленуші тұрғыны.
Қаражаттың көбеймегенін аңғарғаннан кейін, әйелдер полицияға жүгінген.
«Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын белгілеу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізуде», – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция азаматтарды интернет желісінде сақ болуға шақырады: күмәнді хаттар мен сілтемелерді ашпау, жеке деректерді сенімсіз ресурстарға бермеу, антивирустық бағдарламаларды үнемі жаңартып отыру, аккаунттарға кіру үшін күрделі әрі сенімді құпиясөздерді қолдану, сондай-ақ онлайн қаржылық операциялар кезінде, әсіресе төлем карталарын пайдаланғанда, мұқият болу қажет.