Полиция мен білім басқармасы ата-аналарды сабырға шақырды
Шымкент қаласындағы бірқатар мектепке шабуыл жасалады деген әлеуметтік желіде тараған хабарлама фейк, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 қаңтар күні Telegram-арналар мен топтарда белгісіз адамдар қаладағы шамамен 25 мектеп, гимназия және лицейдің атауын атап, «сол жерлерге барамыз» деп қорқытқан жазбалар жариялаған. Эмоцияға толы бұл хабарламалар ата-аналар мен мұғалімдер арасында үрей туғызды.
Алайда қалалық білім басқармасы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Telegram каналында таралған «баланың өміріне қауіп төніп тұр» деген мәлімет жалған. Қазіргі уақытта қауіп төндіретін ешқандай жағдай тіркелген жоқ", – деді ведомство өкілдері.
Басқарма мәліметінше, жағдай тиісті қызметтердің бақылауында, ал жалған ақпарат таратқан аккаунттар анықталып, тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
"Расталмаған әрі эмоцияға құрылған ақпарат қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызады. Сондықтан тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметті таратпауға шақырамыз", – деп атап өтті басқарма.
Қалалық полиция департаменті де бұл хабарламалардың фейк екенін растады.
"Мессенджерлерде мектептерде жаппай қылмыс жасалады деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл деректер шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Жағдай толық бақылауда", – деді полиция өкілдері.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары қасақана жалған ақпарат тарату заң бойынша қылмыс саналатынын еске салды. Мұндай әрекет үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ресми органдар тұрғындарды сабыр сақтауға және тек сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырды.