Жел екпіні күшейіп, аяз сақылдайды: Қазақстанның 12 өңірінде дауылды ескерту
Синоптиктер боран, қатты аяз, тұман мен көктайғаққа байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырды
Қазақстанның 12 өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, 16 қаңтар күні бірқатар аймақта боран күшейіп, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Кей өңірлерде қалың тұман түсіп, аяз 40 градустан да төмендейді.
Абай облысының солтүстігі мен оңтүстігінде қою тұман күтіледі. Өңірдің оңтүстік-батысы, шығысы және орталығында солтүстік-батыс пен солтүстік бағыттағы жел секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, екпіні 25 метрге жетуі ықтимал. Түнде облыстың солтүстігінде ауа температурасы минус 40 градусқа дейін төмендейді.
Қостанай облысының оңтүстігі мен шығысында боран соғып, солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді.
Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде де жел күшейіп, секундына 15–20 метрге дейін барады.
Қонаев қаласында күн құбылып, кей уақытта жаяу бұрқасын соғады.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі және орталығында көктайғақ пен жаяу бұрқасын күшейеді. Солтүстік және оңтүстік бөліктерінде тұман түсіп, Ақтауда жолдар тайғақ болады.
Түркістан облысының батысы, солтүстігі және таулы аудандарында жаяу бұрқасын соғады. Түркістан қаласында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, көктайғақ пен боран күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Шымкентте жауын-шашын күшейіп, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын жауады. Көктайғақ пен бұрқасын жол қозғалысын қиындатады. Жел солтүстік-шығыстан соғып, секундына 20 метрге дейін күшейеді.
Қызылорда облысының солтүстігінде қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады. Ал орталығы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел шығыс және солтүстік-шығыс бағытта соғып, 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Қызылорда қаласында да мезгіл-мезгіл тұман күтіледі.
Ұлытау облысының батысы мен оңтүстігінде қар мен боран күшейіп, көктайғақ болады. Шығыс және оңтүстік бөліктерінде тұман түседі. Кей аумақтарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Жезқазғанда жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Қарағанды облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғады. Желдің жылдамдығы кей уақытта 28 м/с-қа дейін жетеді. Солтүстік-шығысында түнгі аяз минус 35–38 градусқа дейін төмендейді. Қарағанды қаласында таңертең және күндіз боран күтіледі.
Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында қар жауып, солтүстігі мен орталығында жаяу бұрқасын соғады. Жел екпіні кей мезетте 23 м/с-қа дейін жетеді. Ақтөбе қаласында да жел күшейеді.
Атырау облысында қар мен көктайғақ қатар жүреді. Солтүстік және шығыс бөліктерінде боран, ал батысы мен оңтүстігінде тұман қалыңдайды. Атырау қаласында да жолдар тайғақ болып, көріну деңгейі төмендейді.
Батыс Қазақстан облысының батысы, оңтүстігі және шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Солтүстік және оңтүстік бөліктерінде жел күшейіп, түнде аяз 42 градусқа дейін төмендейді. Өскемен қаласында да тұман күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарды жолға шыққанда сақ болуға, ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс сапарларды кейінге қалдыруға кеңес береді.