Жұмбақ жағдайда жоғалған отбасы ісін «әшкерелеген» атыраулық хакер үн қатты: прокуратура істі тоқтатты ма?
Күдікті өзін халықаралық іздеуге жариялау шешіміне наразы екенін білдірді
Халықаралық іздеуде жүрген өзін «хакермін» деп таныстырған атыраулық азамат прокуратураның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті бұл туралы әлеуметтік желі парақшасында жазды. Оның айтуынша, прокуратура істің тоқтатылғанын хабарлағанымен, өзі әлі де іздеуде жүр.
«Алдымен мені полиция іздеді, енді халықаралық деңгейде іздеуде тұрмын. Прокуратура істің тоқтатылғанын хабарлады, бірақ мені әлі де іздеп жатыр. Қарыз болған адамдарымның бәрі қолхат берді. Осындай сомамен күдіктіні халықаралық іздеуге жариялағанын бірінші рет көріп отырмын», — деп жазды ол Instagram желісінде.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы полиция департаменті аталған азаматтың халықаралық іздеуге жарияланғанын ресми түрде хабарлаған болатын. Оған қатысты 4 қылмыстық іс қозғалып, барлығы алаяқтық деректері бойынша тергеліп жатыр.
Іздеудегі азамат бұған дейін жұмбақ жағдайда жоғалған отбасының қайда екенін өзі анықтағанын айтып, SIM-карталар, геолокация және қаржылық деректерді талдағанын мәлімдеген еді. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Тергеу мәліметінше, ол ешқандай деректі өз бетімен талдамаған. Барлық ақпаратты тергеушілер заңды тәртіппен жинап, рәсімдеген. Ал «хакер» сол бұрыннан белгілі мәліметтерді ғана қайта жариялаған.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, заң аясында шешім қабылданатынын хабарлады.