Қатты аязға байланысты қала сыртындағы маршруттар тоқтатылды
Қатты аязға байланысты Астанадан шауғын аудандарға шығатын қоғамдық және дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 қаңтар күні сағат 20:00-ден бастап ауа температурасы -30 градусқа дейін төмендеуіне байланысты барлық бағытта дизель және қоғамдық көліктердің қала сыртына шығуына уақытша тыйым салынды.
«Температураның күрт төмендеуіне байланысты дизельмен жүретін көліктер мен қоғамдық транспорттың Астанадан шығуына шектеу енгізілді», – деп хабарлады департаменттің ресми Instagram парақшасы.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Мамандардың айтуынша, қатты аяз кезінде сыртқа мүмкіндігінше шықпау, алыс сапардан бас тарту қажет. Ал үйден шығу қажет болған жағдайда үсік шалмас үшін жылы киініп, қолғап пен бас киімді міндетті түрде кию ұсынылады.
Сонымен қатар, City Transportation Systems компаниясы қала маңына қатынайтын бірқатар бағыттардың уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта №305, 308, 309, 310, 312, 315, 316, 327, 328 және 329 бағыттардағы автобустар жүрмейді.
Жауапты қызметтер ауа райы жақсарғанға дейін тұрғындарды жолға шықпауға және ресми ақпарат көздерін бақылап отыруға үндеді.