«AMANAT» партиясының Атыраудағы игі бастамаларының орындалу барысы қорытындыланды
Жиын барысында бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың рөлін арттыру мәселесіне де баса мән берілді
Былтыр Атырау облысында партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында бекітілген 79 тармақтың 72-сі орындалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында баяндалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алқалы жиынға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, партия ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партия активі мен конференция делегаттары қатысты.
Басқосу барысында партияның облыстық филиалының жаңа төрағасы лауазымына ашық дауыс беру арқылы Бейбіт Мырзағалиев сайланды.

Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек алдағы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел дамуының жаңа кезеңіндегі басты басымдықтарды айқындап берді. Президент әділетті мемлекет құру үшін ең алдымен халықтың әл-ауқатын нақты іспен арттыру қажеттігіне, аймақтардың тең әрі орнықты дамуы мен жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту мәселесіне ерекше мән берді. Бұл – барша өңірге, соның ішінде осы Атырау сияқты стратегиялық маңызы бар аймаққа тікелей қатысты міндеттер. Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген реформа қағаз жүзінде емес, өңірлерде, ел ішінде, нақты адамдардың өмірінен көрінуге тиіс. Бүгінгі біздің жұмысымыз да осы жауапкершілікті терең сезінуден басталуы керек», – деді Дәулет Кәрібек.
Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы – мемлекеттің дамуы мен елдің тұрақтылығын, береке-бірлігін бәрінен биік қояды. Басты міндет – халықтың сенімін ақтап, қоғамды ортақ мақсатқа біріктіре отырып, елдің жарқын болашағы үшін жұмыла еңбек ету.

Сондай-ақ, Дәулет Кәрібек былтыр Атырау облысында жүйелі жұмыс жүргізіліп, партияның өңірлік сайлау алды бағдарламасында бекітілген 79 тармақтың 72-сі орындалғанын мәлімдеді. Бұған қоса, сайлау кезінде Атырау облысында 2017өтініш қабылданып, оның 96%-ы яғни 1945-і нақты шешімін тапты.
«AMANAT» партиясының жобалары да өңірде өз нәтижесін беруде. Мәселен, былтыр «Ауыл аманаты» партиялық жобасы бойынша қайтарылатын шағын несие қаражаты есебінен 220 млн теңге қаржы бөлінді. Ал «Жер аманаты»жобасы аясында ел аумағында 14 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 6 млн гектары заңды түрде халық игілігіне беріліп жатыр. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы шеңберінде республикалық колл-орталық іске қосылды. Сондай-ақ осы жоба аясында азаматтарға нақты көмек көрсету мақсатында партия алаңында 12 банк банктің ресурсы бір арнаға тоғысты.

Жиын барысында бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың рөлін арттыру мәселесіне де баса мән берілді. Жалпы, ел аумағындағы 3800-ге жуық бастауыш партия ұйымының 106-сы Атырау облысында жүйелі жұмыс істеп келеді.
Сайлаушылармен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанада, партияның Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау орталығына бір жылда тұрғындар тарапынан келіп түскен 2800-ден астам өтініштің 53,3%-ы яғни 1535-і оң шешімін тапты. Қалған 46,7%-ы бойынша түсініктеме берілді.
Жиын соңында партияның облыстық филиалының алдағы жұмыс жоспары мен мақсат-міндеттері жан-жақты талқыланды.