Алматыдағы ірі базар инвестор таппай отыр: «Байсат» сауда орталығы тағы да аукционда
Мемлекет меншігіне өткен алматылық базар үшінші мәрте аукционға шығарылмақ
Алматыдағы «Байсат» базары үшінші рет сатылымға қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Мемлекет меншігіне 2024 жылы қайтарылған нысанға өткен екі аукционда да сатып алушы табылмаған.
Алғашқы сауда 2025 жылдың 18 қарашасына белгіленген еді. Сол кезде базардың бастапқы бағасы 28 млрд 639 млн 882 мың теңге болып бекітілген. Алайда аукцион басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмағандықтан, сауда өтпей қалды.
Екінші рет ұйымдастырылған аукцион 2025 жылдың 26 желтоқсанында өтуі тиіс болған. Бұл жолы нысанның бағасы шамамен 2 млрд теңгеге арзандатылып, 26 млрд 706 млн 317 мың 643 теңге болып белгіленді. Дегенмен бұл сауда да нәтижесіз аяқталды – тағы да сатып алушы табылмады.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының мәліметінше, келесі аукцион 2026 жылдың 5 ақпаны күні сағат 12:00-де өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл жолы базарға қызығушылық танытатын инвестор табыла ма, жоқ па – әзірге белгісіз.
Айта кетейік, «Байсат» базары – Алматыдағы ірі сауда нысандарының бірі. Оның тағдыры бірнеше жылдан бері қоғам назарында.