Қостанай облысындағы пантеоннан Салтанат Нүкенованың аты жазылған тақта алынып тасталды (ВИДЕО)
Оның аты-жөні пантеонға 2025 жылдың қазан айында енгізілгені хабарланған
Қостанай облысындағы «Амангелді» туристік кешенінде Салтанат Нүкенованың есімі жазылған мемориалдық тақта алынып тасталды. Бұл туралы қазақстандық белсенді Вадим Курамшин хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Курамшиннің айтуынша, ол бұған дейін тарихи тұлғалардың есімдерімен қатар аталған тақтаның орналастырылуына ашық түрде қарсы шыққан. Оның жазбасынан кейін жергілікті билік өкілдері хабарласып, мемориал қабырғадан тақтаның алынып тасталғанын мәлімдеген.
Сондай-ақ белсенді өзіндегі ақпаратқа сүйеніп, пантеон жобасы меценат Сапар Ысқақовтың демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылғанын айтты. Жобаның мақсаты – ел дамуына үлес қосқан адамдардың есімін ұлықтайтын естелік кеңістік қалыптастыру болған. Алайда Курамшин мұндай шешімдер қоғамдық талқылаудан өтіп, есімдерді іріктеу критерийлері түсінікті әрі ашық болуы тиіс екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айында Салтанат Нүкенованың есімі «Амангелді» кешеніндегі пантеонда орналасқан «Ұлттық жады қабырғасына» енгізілген болатын. Ол кезде тақта меценаттың бастамасымен орнатылғаны хабарланған. Қазіргі таңда мемориалдық қабырғада 296 тарихи тұлғаның есімі жазылған.